Get Mystery Box with random crypto!

Сіз үшін ең маңызды 4 нәрсе не? Постты толық оқымастан бұрын | ArshatGo

Сіз үшін ең маңызды 4 нәрсе не?

Постты толық оқымастан бұрын өміріңізде сіз үшін маңызды 4 құндылықты белгілеңіз, сосын маңыздылығына қарай реттеңіз. Ең маңыздысын 1-орынға қойыңыз. Жалпы төртеуін де маңыздылығы бойынша дұрыс реттеуге тырысыңыз.

Үшінші баламды оңалту орталығына апарамын. Сонда мамандар тек баламен емес, ата -аналармен де жұмыс істейді. Бір күні психолог тренингте қатысушыларға 4 бөлік қағазға ең маңызды, қымбат нәрселерін жазуын сұрады. Сосын бәрі жазып болғаннан кейін сол төртеудің ең қажетсіздеуін беруді сұрады. Мен Достарды бердім. Достарсыз да өмір сүре аламын, жаңаларын табуға болады деген оймен. Кейін қалған үшеудің де ең керексіздеуін сұрады. Ақшаны бердім, оны да табармын деп. Соңында менде Еркіндік пен Отбасы қалды. Еркіндікті өзіме қалдырып, Отбасыны бердім.

Менен басқалар әйелдер. Көбіне әйелдер жүреді осындай жерлерде. Мүмкіндігі шектеулі бала туғаннан кейін көбінің күйеулері тастап кетеді екен. Психологтардың көмегі мен қолдауы осындайда.

Нәтижелердің барлығында дерлік әйелдер ең маңызды ретінде Бала, Отбасыны белгілепті. Ешкімде Мен жоқ. Психолог менің Еркіндік нәтижемді Эго, Мен ретінде қабылдады. Бұның негізінде ұялатын нәрсе емес, дұрыс екенін айтты. Өзің болмайтын болсаң, балаңа да пайдаң жоқ болады деп түсіндірді. Мысалы ұшақта да апаттық жағдайда алдымен ересек адам өзіне, сосын балаға тыныс алу маскасын тағатынын айтты. Яғни адам алдымен өзін ойлауы керек деді. Өзіне мән беруі керек, өзіне қарауы керек, дамуы керек. Бала - өмірдегі барлық нәрсе емес. Алдымен адамның өзі болуы керегін түсіндірді.

Иә, біздің қоғамда қабылдау қиын шығар мұндайды? Батыста бірақ солай. Балалар өскеннен кейін қоя береді, өздерімен өздері өмір сүреді. Мен де солай істегім келеді. Балалар өз күндерін өздері көре алатын жасқа жеткеннен кейін әлемді аралауға кетемін. Мал, мүлік жинау, құда-туыс қатынасы, той-томалақ дегендерге уақыт және қаржы жұмсағым келмейді.

Сондай өзгеріске дайынсыз ба?