Get Mystery Box with random crypto!

Дөрекі адаммен қарым-қатынас Қоғамда көшеде, жұмыста, паркте | Алмат Жайлаубаев

Дөрекі адаммен қарым-қатынас

Қоғамда көшеде, жұмыста, паркте түрлі адамдарға жолығамыз. Солардың арасында өз-өзінен сізге соқтығып, ашуыңызға тиетін адамдар да кезігеді. Егер сіз
сезімтал болсаңыз, өмірлік тәжірибеңіз аз болса, осындай сәтте қиналып қалуыңыз мүмкін. Осы мәселеге қатысты бірнеше кеңес айталық.

Мұндай кезде ең әуелі салқынқандылық танытуыңыз қажет. Біреу ит болды екен деп, адамдықтан кетті екен деп, сіздің де итке ұқсауыңыз қателік. Адамдықтан аттаудың қажеті жоқ. Ондай түсінікпен ешнәрсе ұтпайсыз, керісінше ұтыласыз.

Өткенде бір кісімен сөйлестім. Өте көп қателік жасағанын, сол себепті абақтыда жылдар бойы отырып шыққанын айтты. Қалай болғанын сұрағанымда: «Біреумен ерегісіп қалдым. Былай қарасаң, бос нәрсе. Ол маған ашуланып жаман сөздер айтты. Менің де еркектік намысым жібермей, былапыт сөздер айтып, ақырында оған пышақ сұқтым», – деді.

Мен оған: «Итпен ит болу қашаннан бері еркектің намысының қорғалуы болған еді?» – деген едім, әлгі кісі: «Әттеген-ай, сол сәт қайта берілсе не айтса да шыдап тұрар едім», – деп жауап берді. Мұны атам қазақ «жалған намыс» дейді. Кейбір жігіттер жалған намыс пен нағыз намысты ажырата алмай өмірін қор етеді.

Өз орны мен тұлғалығын білетін адам өзін қор етпейді. Демек, біреу ашуланған кезде салқынқандылық танытқаныңыз жөн. «Ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» дегеніміз осы. Психологтар «Сабырлық таныта алмай жатсаң, онда сол кезде дереу ішіңнен отыз не елуге дейін сана, немесе айналаңдағы түрлі түстерге назар сал» деген тәсілді айтады.

Менің айтарым, іштей тіліңізді кәлимаға келтіріп тұрыңыз. Шайтаннан Аллаға сиыныңыз. Білетін дұғаларды оқыған жөн. Сонда келеңсіз жағдайларға түспейтін боласыз.

Есіңізде болсын адамда рух болады, жүрек болады, нәпсі болады. Бойдағы нәпсіні қазақ «ит» деп сипаттаған. Аталарымыз бұрын ашуланғанда «иттің баласы» дегені бойында ит-нәпсісі бар дегені. Енді осы нәпсі кейде миды қолға алып, рух пен жүрекке бой бермей өзі сөйлеп кетеді.

Нәпсінің сөйлеуі – өзін ақтап, қызғыштай қорғай жөнелуі. Мұндай жағдайда салқынқандылық танытып, оның не деп тұрғанына ақылмен назар салу керек. Мұндай кезде өзін ақтап, басқа кісілерді төрелікке шақырып жатса, пайда бар. Ең дұрысы бұрылып кете беру. Бәрі де салқынқандылықпен шешілген дұрыс. Сонда сіз ұтасыз.

“Ментор” кітабынан үзінді

https://t.me/almatzhai