Get Mystery Box with random crypto!

Өзіңді 5 түрлі жолмен ынталандыр Өміріміз жүректің қағысын өл | Алмат Жайлаубаев

Өзіңді 5 түрлі жолмен ынталандыр

Өміріміз жүректің қағысын өлшейтін ЭКГ-нің сызықтары тәрізді. Әрдайым жоғары-төмен, жоғары-төмен. Егер өмір түзу бір сызық болса, ол жерде даму мен кемелдену жоқ деген сөз (өмір де жоқ). Қай жерде болмасын, өмір болған соң адам баласы бір жоғары, бір төмен жүріп дами бермекші.

Адам баласын жетістік, қуаныш сияқты жағымды сәттер әрдайым ынталандырады. Бұл жүрек қағысының жоғарғы кезін көрсетіп тұрған ЭКГ сияқты. Алайда, төменгі қағыстарда біз өзімізге және қабілетімізге күмән келтіре бастаймыз. Осындай уақытта кейде жақындарымыздың өзінен қолдау ала алмаймыз. Санамыз мұнарланып, айналамыздағының бәрі ыдырап, әр басқан қадамымыз бізді одан әрі төмен тартып жатқандай көрінуі мүмкін. Мұндай сәтте өзімізді жігерсіз сезініп, мақсатымызға қарай қадам жасаудан қорқып жатамыз.

Өз басымнан осындай кезеңдерді көп өткіздім. Осыған орай “Ментор” кітабымда “Тормоз болмау” атты бөлім жазған едім қалайда оқып алыңыз. Сонымен қатар қиын кезеңде өзімді жігерлендіру мен ынталандырудың түрлі жолдарын көрдім. Өзіме деген сенімді қайта көтерген, рухымды асқақтатқан және ЫНТАЛАНДЫРА түскен бірнеше жолымен бөлісейін.

1. Сізді алаңдатып жүрген ойларыңыздың бәрін жазып шығыңыз. Әрине жазу - ынтаңызды арттырып жібермейді. Алайда, ойдағыны қағазға түсіру арқылы миыңыз біршама жеңілдеп қалады. Осылайша нақты әрі жүйелі ойлауға мүмкіндік туады.

2. Босаңсу режиміне түсіңіз. Бүкіл ішек-құрылыс, бұлшық ет және буындарды босаңсыту қажет. Сонымен қатар керексіз уайым-қайғы мен бос үрейлерден арылған дұрыс. Ал ол үшін медитация мықты құрал. Медитация жасау бастапқыда қиын болуы мүмкін, бірақ қалдырмаңыз. Алғашқы аптасында күн сайын 2 реттен жасап, кейін бірге түсіресіз. Миыңызда тыныштық, бүкіл денеңіз босаңсыған кезде, тың идеялар келіп, өмірге деген ынтаңыз арта түседі.

3. Бұрында жетістікке жеткен бір кезіңізді еске алыңыз. Мейлі ол қиын тесттен өту болсын, мейлі бір спорт түрінен орын алғаныңыз болсын, бәрібір. Болмаса, өзіңізге немесе жақыныңызға қымбат зат алып, сыйлық жасаған кезіңіз де болады. Ең бастысы қолымнан келмейді деп ойлап, соған қол жеткізген - кез келген оқиғаны еске алу. Бұндай еске алу өзіңізге деген сенімді оятады әрі сізді әрекетке итермелейді. Қолыңыздан кез келген нәрсе келетінін түсінесіз!

4. Мақсатыңызды суреттеп, жазып қою тиімді екен. Қазір қандай жағдайдасыз және қандай нәтижеге жеткіңіз келетінін суретпен салыңыз. Сол мақсатты көріп, соған сеніп, әрекет жасаңыз. Салынған суретті жататын жеріңізге іліп қойсаңыз: МАҚСАТЫҢЫЗБЕН ЖАТЫП, МАҚСАТЫҢЫЗБЕН ОЯНАСЫЗ.

5. Ең соңғысы, GALLUP тест тапсырып, білікті маманға талдату. Бұл тест арқылы өзіңіздің ең күшті 10 қабілетіңіз бен ең әлсіз тұстарыңызды айқындайсыз. Сол күшті жақтарды одан әрі дамыту арқылы жетістікке тез жетуге болады екен.

Бонус: Бір дәптер алып, сізді жақсы танитын адамдарға өзіңіздің күшті жақтарыңыз бен мықты қабілеттеріңізді жаздырып алыңыз. Өзіңіз байқамай жүрген қабілеттердің болуы мүмкін ғой. Сонымен қатар жазғандарды оқып, көңіліңіз көтеріліп, сол қабілеттің біреуін дамытуыңызға болады.

Бұл тәсілдер мені ынталандырып, алға жылжуыма себеп болып жатыр. Өзіңіз үшін ыңғайлысын алып, басқа тәсілдер қосып, одан әрі дами түсіңіз!

https://t.me/almatzhai