Get Mystery Box with random crypto!

​​ Өзім жайлы бір-екі сөз Жасым 35-те. Аллаға шүкір, осы жас | Алмат Жайлаубаев

​​ Өзім жайлы бір-екі сөз

Жасым 35-те. Аллаға шүкір, осы жасыма дейін 15 ел аралап, 4 елде қызмет атқарыппын. Үздіксіз үйрену деп әлі күнге дейін білім алып келем. Өйткені үйрену - мен үшін рахат бір сезім, ал үйренген дүниеммен бөлісу өмірлік миссиям десем де болады.

Сонау 2006 жылы «Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжінің» менеджмент мамандығын тәмамдаған кезімде, адамның ойлау қабілеті мен өмірін түбегейлі өзгертуі, сана мен түпсана жайлы тақырыпқа қызыға бастадым. «Ибраһим» сүресінде: «Ол сендерге өзінен сұрағанның бәрін берді» - делінгендей 2,5 жыл тоқтамай дайындалып, Түркияның «Bogazici» университетіне түстім. Ыстамбұл қаласында білім алып, елге қызмет ету мақсатында қайта оралдым.

2010 жылы Түркияның сол кездегі ең мықты «Kaynak» атты холдингінің Қазақстан филиалында қаржы директоры, артынша басқарушы директоры болып істедім. Адам ұзақ уақыт бойы не жайлы көп ойласа, соған айналады дейтін сөз рас. АҚШ-қа баруды армандаған шығарсыз. Менің де арманым еді. 2012 жылы алғаш АҚШ-қа сапар шегіп, Нью-Йоркты көріп келдім. Осы жылы Мәскеуде танымал бизнесмендермен кездесіп, Ташкентте бірге бизнес аштық. Компаниямыз «Atlantic Group» деп аталды. Ресей, Әзербайжан мен Өзбекстанның атақты бизнесмендерімен осылайша серіктес болдым. Ол кісілермен әлі күнге дейін қарым-қатынастамын.

Осы аралықта Сүлеймен Демирел атындағы университетте менеджмент мамандығының магистранты атандым. Оқып жүріп қаржы және экономика пәндерінен 1 жыл бойы келіп-кетіп жүріп сабақ та бердім. Білімімді әрдайым арттырып отырмасам, өзімді артта қалып бара жатқандай сезінем.

2016 жылы Бостон қаласына біліктілігімді арттыру мақсатымен сапарға шықтым. Сол жерде Гарвард университетінің магистранты Жанат досыммен бірігіп «Ivy Standard» негізін Бостонда қаладық. Талай оқушылар мен бизнес саласындағы адамдарға осылайша көмектесіп келеміз. Осы компаниямызбен Қазақстанда алғаш рет “Ivy League Tour” жасадық, яғни АҚШ-тағы ең мықты оқу орындарымен бірге керемет қалаларды көрсеттік. Сөйтіп жанұяммен 1 жыл тұрып, білімімді арттырып, Қазақстанға оралдым.

2017 жылы «Білім Инновация» және «Білім орда» Халықаралық Қоғамдық қорларының қаржы вице-президенті болған едім. Білім саласында тер төгіп, сол кездегі білім министрінен алғыс хат та алған болатынмын.

2019 жылы Африка еліне, нақты айтатын болсам Эфиопияның астанасы Аддис-Абебада Германияның «Stem Education» PLC компаниясында қаржы директоры болдым. Африка елі мүлдем басқа әлем ғой. Көкжиегім кеңейіп, жүрегім жұмсарған тұстар еді.

Позитив қалпымда табандылық танытып, өзімді өндіріс саласында сынап көргім келді. Осылайша 2020 жылы «Акнур Кабель» өндіріс компаниясында басқарушы болып тағайындалдым. Жаңа серпін, жаңа мүмкіндік пен шабыттың арқасында 1 жылдың ішінде Қазақстанда өз саласының 3-орын алатын өндіріс орнына айналды.

Басымды түрлі шектеулермен шырмап тастамай, еркін ойлау, дұрыс зейін мен еңбек арқасында 2021 жылы «INJU» баспасын аштық. Заман талабына сай бизнесімді басқару мақсатымен АҚШ-тың Бостон қаласында орналасқан «Northeastern» университетінде оқуды бастап та кеттім. Сонымен қатар кітап жазуды да қолға алдым. Міне, Алланың қалауымен жарыққа шыққалы отырған «МенТор» кітабын Мұхиддин Исаұлы ұстазбен бірге жазып шықтық. Алдыңғы жазбаларымда аталмыш кітап туралы ақпарат берген болатынмын: https://t.me/almatzhai/137

Құрметті оқырман, өзім туралы қысқаша таныстырып кетудегі мақсатым – сіздерге өзімді таныстыру және әйтеуір бір кісіге болса да шабыт берсе екен деген ой.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болғай!

https://t.me/almatzhai