Get Mystery Box with random crypto!

70% проблемаңызды шешетін 7 қарапайым әдет 2022 жылды мүмкінд | Алмат Жайлаубаев

70% проблемаңызды шешетін 7 қарапайым әдет

2022 жылды мүмкіндіктер жылы деп атадым. Ендеше даму мен кемелдену жолындағы сапарды тоқтатпаған жөн. Өйткені алдыдан шығар мүмкіндікті тек дайын болған адам ғана пайдалана алады. Дайын болу үшін дұрыс әдеттер қалыптастыруды қолға алу керек. Бүгінгі жазбам 70% проблемаңызды шешетін 7 қарапайым әдет туралы болмақ.

1-ӘДЕТ: Өзіңізге тән “таңғы рәсіміңіз” болсын.

Күніңіз берекелі болсын десеңіз ЕРТЕ ТҰРЫҢЫЗ. “Ерте шықсаң алдыңнан күн шығады, кеш шықсаң алдыңнан түн шығады” “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” “Ерте тұрған елден озар” “Ерте жат та, ерте тұр, Бір піспекті артық ұр”! Сондықтан 5:00-де тұрудан бастаңыз. Қиналуыңыз мүмкін, бірақ өлмейсіз. Осы уақытқа дейін ерте тұрып өліпті деген адам естімеппін.

Ми мен дененің саулығы үшін ЖАТТЫҒУ ЖАСАУ өте маңызды. Кемінде 15 минут болғаны дұрыс. YouTube-те сан алуан жаттығу түрлері бар. Өзіңіздің ыңғайыңызға қарай таңдап алыңыз.

Адамдар медитация деп жатады, мен БОСАҢСУ деймін. Кемінде 10 минут ештеңеге алаңдамай, ешнәрсе ойламай, терең тыныс алып, босаңсу күйін кешіңіз. Сылдыр су мен оттың сытыр үнін, немесе орман мен құстардың дауысын қосып қойса да болады.

КІТАП ОҚУ. 20-30 минут кітап оқу өте маңызды. Әр уақытымыз санаулы. Сол санаулы уақыт берекелі болсын десеңіз, кітап досыңыз болсын. Кітапсыз бұл дүние бос болар еді. Кітап оқудың маңызы болмаса, Құран кітап ретінде түсер ме еді?!

Неғұрлым таңғы рәсімді көп жасаған сайын, соғұрлым өмір гүлденіп, құлпыра түседі екен.

2-ӘДЕТ: Әлеуметтік желіні азайту.

Телефонға үңіліп отырған уақытты санап көріңіз. Не өзіңізге, не өзгеге пайдасы жоқ өмірдің бос кеткен уақыттары. Соған байланысты Инстаграм, Фейсбук, ТикТок дегендерді азайту керек. “Күн сайын 30 минут қана қараймын” деп, телефонда шектеу қойған дұрыс. Сонда уақыт табылып, өзіңізді дамытатын, ақша әкелетін істерді жасай бастайсыз. Ең болмаса күн сайын 2 сағат телефонсыз пайдалы іс жасап көруге тырысыңыз.

3-ӘДЕТ: Жасалуы парыз істеріңіз болсын.

Өліп бара жатсаңыз да жасауыңыз керек тапсырмалар мен істерңіздің болуы деген сөз. Күн сайын жасалмаса болмайтын, өзіңізге ПАРЫЗ етіп алған істердің мысалын келтірейік: [әркім өз ыңғайына қарай жасап алғаны абзал, бұл мысал ғана]


Таңғы уақыттағы жасалуы парыз істер:
15 минут жаттығу;
10 минут босаңсу;
Суық душқа түсу;
30 минут жазу…

Кешкі уақыттағы жасалуы парыз істер:
Ұйықтар алдында 1 сағат бойы телефон, телевизор, компьютер қарамау;
Жатар алдында 2 сағат бойы ешнәрсе жемеу;
30 минут кітап оқу…

4-ӘДЕТ: 5 минут заңын еңгізу.

5 минут заңы - егер бір іске 5 минут немесе одан да аз уақыт кететін болса, бірден жасаңыз. Аяқтауға 5 минуттан аз уақыт істерді дереу жасап тастаған дұрыс. Кейінге қалған іс, болмайтын іс деген сөз. Осы қарапайым әдетті қалыптастыру арқылы кейінге қалатын істер мен стресстердің алдын алған боласыз.

5-ӘДЕТ: Сапалы демалу.

Егер әрдайым шаршап жүрсеңіз, өмірден ләззат ала алмайсыз деген сөз. Одан кейін ашуланшақ болып, зейініңіз шашыраңқы болады. Сондықтан демалу маңызды. Істеріңізді жақсы атқару үшін денеңіз бен миыңыз жақсы тынығуы керек. Сапалы демалудың жолдарын іздестіріңіз. Мысалы: 22:00-де жатып, 5:00-де тұру - өте пайдалы. Сонымен қатар түсте тамақтан кейін 45 минут мызғып алсаңыз тіпті керемет. Немесе тұратын қалаңыздың ауасы лас болса, ауа тазартып, ылғалдандырып тұратын құрылғы жататын бөлмеге қойып қою қажет.

6-ӘДЕТ: Істерді 80/20 заңдылығымен жасау.

Энергия мен уақытыңыздың көп бөлігін өміріңізді жақсартатын және өнімділікті арттыратын істерге жұмсаңыз. Яғни 20% күш жұмсап, 80% нәтиже алудың жолдарын қарастырыңыз. Сонда бос уақыт деген әңгіме болмайды.

7-ӘДЕТ: Ертеңгі күніңді бүгін жоспарлау.

Жатар алдында ертеңгі күніңізді жоспарлауды әдетке айналдырыңыз. Жоспарларды қағаз бетіне жазып, миыңызды босатыңыз. Сонда жоғарыда айтылған демалу да сапалы болары анық. Таң ертеңгі жоспарыңызға керекті нәрселерді де дайындап қойыңыз. Дайын тұрған нәрсеге бәрі құмар, ми да қиналмайды.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын!

https://t.me/almatzhai