Get Mystery Box with random crypto!

Мақсатыңыз бар ма? (Жалғасы) Оқу ұзақтығы 1 жарым минут. Жоға | Алмат Жайлаубаев

Мақсатыңыз бар ма? (Жалғасы)
Оқу ұзақтығы 1 жарым минут.

Жоғарыдағы жалғасын оқуға кеңес беремін.

Бүгін соңғы екеуін жазамын. Ал кеттік!

7. Бір жеріңіз ашу керек!

Бір мақсат қойып алып, мақсат бір жақта, өзіңіз бір жақта жүрген жағдайлар болды ма?

Мақсатқа жету - мотивациямен басталады. Одан кейін әдетпен жалғасады. Дегенмен күн сайын өзімізге есеп беру жүйеміз болмаса, мақсатты ұмытып кетуіміз әбден мүмкін.

Сондықтан мақсатымыз жарты жолда қалмас үшін - жазалау әдісін қолданып көрейік.

Жасалуы тиіс жоспарды орындамасаңыз, соның жазасы ретінде бір қайырымдылық қорына 10.000-100.000 Теңге беруге тура келсе, не істер едіңіз?

Трамп, Илон Маск, Уоррен Баффет сияқты тұлғалардың оқыған Пенсильвания Университеті, Уортон бизнес мектебінің зерттеуіне сүйенетін болсақ:

«Жоғалтудан қашу теориясы» (Loss Aversion Theory) өте тиімді болып саналады.

Яғни, адам табиғаты тәуекелге бас тіккенде, бір нәрсені иемденуден гөрі, жоғалтып алудан қорқады екен.

Сонымен, мақсатыңыз жолында жоспарды орындай алмасаңыз, бір жеріңіз ашитындай ақшалай жаза қойыңыз.

(Бір жеріңіз ашу деген сөзді жаман ойлап қалмаңыз. Қазақта: “ішім удай ашыды” - деген сөз де бар :))

Дегенмен, сіз өзіңіз үшін тиімді жазалау түрін таңдап алғаныңыз дұрыс.

8. Анализ жасап, түзетіп отырыңыз!

Жазылған мақсатыңызға күн сайын анализ жасап отырыңыз. Мұндағы басты мәселе – мақсаттарды түзету емес, керісінше күнделікті жасалатын іске көңіл бөлу. (Процесс)

Конфуций айтқандай:

“Мақсатқа жете алмайтыныңыз анықталса, оны өзгертпеңіз. Күнделікті жасалатын іс-әрекетті түзетіңіз.”

Егер қандай да бір прогресс болмай жатқанын байқасаңыз, бірден қолыңыздан келмейді деп ойлауға асықпаңыз. Күнделікті жасап жатқан қадамдар мен іс-әрекеттерге назар аударыңыз.

Бір ісіңіз жүзеге аспай жатса, қолданып жүрген әдісті өзгертіп көріңіз.

Сонымен, мақсат қою аса қиын шаруа емес. Мақсат – сізге жетістікке жетуге көмекші дағдылар қалыптастыруға көмектеседі.

Римдік ақын Овид: «Дағдылар мінезге айналады» деген екен. Мінез болса – біздің болмысымызды қалыптастырады.

Ал енді, өте биік мақсат қойып, ықыласпен іс-әрекет жасауды бастап кетейік.

Соңы. Оқығаныңыз үшін алғыс білдіремін!

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын!