Get Mystery Box with random crypto!

Қылығыма бала күннен сүйсінген Жанарында ай жарқырап, күн күлг | alishka

Қылығыма бала күннен сүйсінген
Жанарында ай жарқырап, күн күлген
Кеше ғана тентек болған балаңның
Алыс кетіп, сағынарын кім білген

Абыройын сары майдай сақтаған
Сен қуансаң жарылуға шақ қалам
Өмірімде сенің барың, анашым
Маңдайыма жазылған зор бақ маған

Әр сөзімді қылығымнан жаттаған
Дәл осындай анам бар деп мақтанам
Перзентіңнің осы өлеңін қабыл ал,
Өмірімнің мәні болған ақ мамам

Сен мұңайсаң бүкіл әлем түнерген
Сен қуансаң ұлыңдағы мұң еріген
Маған қарап, сәл жымиып күлуің
Бар әлемнің байлығы деп білем мен

Бір өзіңе арналады жыр, әнім
Сенсің менің алаулы отым, шырағым
Құдайыма қол жайғанда алдымен
Бір өзіңнің саулығыңды сұрадым

Жүрегімнің, жарқылысың жанымның
Өзің бүгін мәні, сәні әнімнің
Білем мама, сағыныштан жарылдың
Менде өзіңді жанымменен сағындым