Get Mystery Box with random crypto!

Ақтөбе облысында жемқорлардан тәркіленген қаржы мектеп құрылыс | News of Aktobe region 🇰🇿

Ақтөбе облысында жемқорлардан тәркіленген қаржы мектеп құрылысына жұмсалады
 
Ақтөбе облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша мемлекет иелігіне түскен  қаражатқа мектеп салу туралы тапсырмасын орындауға кірісті. Тиісті тапсырманы Президент 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы барысында берген болатын.
 
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша  биылғы жылы жемқорлық қылмысын жасаған лауазымды тұлғалар 197 млн. теңге көлемінде келтірілген залалды өтеді. Ақтөбе облысының әкімдігі аталған қаражатты Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектептің құрылысын аяқтауға жұмсау туралы шешім қабылдады.
 
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы, сондай-ақ апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін шешу үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Құмжарған ауылында басталған жаңа мектеп құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Тәркіленген қаражатты аталған нысан құрылысын аяқтау мақсатында жұмсау туралы шешім қабылданды. Осы ретте нақты жұмыстар жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне алғыс айтқым келеді», — деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында.
 
Құмжарғандағы мектеп құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
 
Жиында облыс әкімі Президенттің бұқаралық және балалар спортын насихаттау міндетін қойғанын еске салды. Өтелген ақшалай қаражаттың бір бөлігі Ақтөбе қаласының аумағында ірі workout алаңдарын салу  үшін пайдаланылады.
 
Отырыс барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері де талқыланды. 2022 жылдың 10 айында облыс аумағында 324 есірткі қылмысы тіркеліп, екі есірткі зертханасы анықталды, 91 келіден астам есірткі құралдары тәркіленген. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі — синтетикалық есірткілердің таралуы. Олар барлық әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ашықтан-ашық сатылып жатыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары интернет ресурстарды тұрақты мониторингтеу үшін арнайы топ құрды. 57 сайт пен телеграм арналар бұғаттауға жіберілді.
 
Облыс әкімі нашақорлықпен күресте қоғамның қолдауы аса қажет екенін алға тартты.
 
«Бұл мәселе әрқайсысымызға әсер етуі мүмкін. Қоғамның әрбір мүшесі осы тақырыпта туыстарымен әңгімелесіп, әсіресе балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын белсенді түрде насихаттауға тиіс. Жергілікті атқарушы органдарға нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысты күшейтуді, оны құқық қорғау органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, тұрақты түрде жүргізуді тапсырамын», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
 
Өңір басшысы есірткіге қарсы күрес органдарын материалдық және техникалық  қолдау мәселелері қосымша қаралатынын айтып өтті.
 
Сонымен қатар ойын-сауық орындарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қаланың түнгі клубтарының барлық бейнекамераларын полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығару және мұндай объектілерді тек лицензияланған күзет субъектілерімен қорғауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі