Get Mystery Box with random crypto!

Нұр Мубаракқа түскен шәкірттерге айтар бір-ақ кеңесім - араб т | Abylaikhan Nurlanuly 🌙

Нұр Мубаракқа түскен шәкірттерге айтар бір-ақ кеңесім - араб тіліне көңіл бөлу. Алғашқы 2 жыл уақытыңызды араб тілін үйрену мен түсінуге арнаңыз. Естіп түсінуді жақсы дамытып алыңыз. Оған екі себеп бар:

1. 3-4 курстағы сабақтардың басым бөлігі араб докторлардың беруімен өтеді. Оны түсіну үшін سماع жақсы дамыған болу қажет.

2. Естіп түсінуіңіз жақсы дамыса сіз онлайн түрде үлкен Шейхтардың сабақтарын тыңдай алатын боласыз. Қазіргі таңда кез келген пәннен Шейхтардың сабақтары бар. Біз оқыған кезде ондай мүмкіншілік жоқ еді.

Тілдің нәтижесі бірден сезілмейді. Уақыт керек. Ми жәй-жәй үйрене бастайды. Бастапқыда түсіну қиын болса, тілдің структурасы миға сіңгеннен кейін ақпарат тез қабылдана бастайды. Нәтижесінде жақсы түсінетін боласыз. Сіз тек сабырлықпен алдыға қадам баса беріңіз.

Тек универдің ішкі сабағымен шектелмеңіз. Қосымша сабақ міндетті түрде қажет. Онсыз алысқа бармайсыз.

Әр пәннің жүйесін маманынан сұраңыз. Араб тілін жақсы меңгерген жігіттермен араласуға тырысыңыз. Олардан көп пайда аласыз. Араб докторлармен сөйлесу мүмкіндігін жібермеңіз. Күніне бір сұрақ болсын ойластырып, соны бір ыңғайлы уақытта докторлардан сұраңыз.

Сөйлеу негізгі нәрсе емес болғанымен, тілді тезірек меңгеруге қажетті құрал. Әсіресе бастапқы уақытта. Тілді сезіну үшін жаттаған сөздерді қолданып, сөйлесіңіз. Бөлмедегі барлық заттарды арабша атаңыз. Оны іздегенде арабша атаумен сұрап іздеңіз. Араб тілі атмосферасына толыққанды кіруге бар күшіңізді салыңыз.

Араб тілсіз шариғат маманы болу өтірік нәрсе. Араб тілін білмейтін маман қанша жерден мағлұматты жақсы жаттаған білген болса да, ол араб тілін меңгерген маманнан мықтырақ бола алмайды. Шариғаттың маманы араб тілі деңгейімен өлшенеді. Сондықтан оған мүлдем салғырт қараушы болмаңыз.

Күнделікті 10-15 минуттан араб тілінде видео көру әдетін қалыптастырыңыз. Мейлі түсінбесеңіз де. Біраз сөздер жаттағасын бір видеоны толықтай түсініп шығуға әрекет жасаңыз. Ол үшін видеода сіз түсінбейтін сөз қалмайтындай барлық тансық сөздерді аударып шығыңыз. Сосын сол видеоны 100% түсінгенше қайта-қайта көре беріңіз. Кейін келесі видеоға көшкен кезде қалай жақсы түсініп жатқаныңызға таңғаласыз.

Бастапқыда ауыр кітаптарды оқуға тырыспаңыз. Ертегі, қиссалар секілді жеңіл кітаптарды оқып бастаңыз. Мысырлық иғдади кітаптар негізі өте керемет. Сол кітаптарды толық оқып шықсаңыз, сөздік қорыңыз әжептәуір көбейіп қалады.

Бұл жүйелі түрде жазылған пост емес. Ойыма келіп жатқанды ғана жазып жатырмын. Пайдасы тиер деген үміттемін. Тілге деген махаббат болсын, онсыз болмайды. Болашақта Құран мен хадисті түсіне алатыныңызды ұмытпаңыз. А ол сезім енді мүлдем бөлек….