Get Mystery Box with random crypto!

Жұрт та, мүлік те – бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей | Абай Құнанбайұлы

Жұрт та, мүлік те – бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса-дағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе? Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады?

"Мені таныған ақылменен таныр" дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ.