Get Mystery Box with random crypto!

Ол айтты: Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақы | Абай Құнанбайұлы

Ол айтты:

Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады? - деді.

Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе? - деді.

Аристодим айтты:

Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем? - деді.

Жә, олай болса һәмма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін – үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп жүр, бір өзіңдей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзі өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша даркарлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хиқметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? - депті.