Get Mystery Box with random crypto!

Абайдың 22 (жиырма екінші) қара сөзі Дәл осы күнде қазақтың іш | Абай Құнанбайұлы

Абайдың 22 (жиырма екінші) қара сөзі
Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым.

Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп, ақымақтығынан. Жоқ, өзі жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен, өз жерімен ойраңдасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр.